2015 жылғы 28 желтоқсан, Астана, Үкімет Үйі
Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы
2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 84-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. «Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 20 мамырдағы № 511 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж. № 34, 325-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
К.МӘСІМОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№1091 қаулысымен бекітілген
Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 84-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) – заңды тұлға және қызметін бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер үшін қалыптастырылатын бірегей нөмір;
2) тізілім – кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі – бұл кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер базасы;
3) жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) – жеке тұлғалар, оның ішінде қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер үшін қалыптастырылатын бірегей нөмір;
4) «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базасы» ақпараттық жүйесі (ЗТ МДБ) – бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімі, құрылған және қызметін тоқтатқан заңды тұлғалар (филиалдар мен өкілдіктер), қызметін бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер туралы мәліметтерді есепке алуға және сақтауға, берілген бизнес-сәйкестендіру нөмірлері туралы мәліметтерді қалыптастыруға және сақтауға арналған ақпараттық жүйе;
5) электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық символдар жиынтығы;
6) Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығы (ҰКО) – электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыратын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға берілетін тіркеу куәлігінің дұрыстығын растайтын, «электрондық үкіметке» қатысушыларға, мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге қызмет көрсететін куәландырушы орталық;
7) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі – берілген, қайта ресімделген, тоқтатыла тұрған, күші жойылған, ұзартылған, қайта басталған және қолданысы тоқтатылған рұқсаттар және олардың телнұсқалары туралы, сондай-ақ алынған хабарламалар туралы мәліметтер қамтылған рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің құрауышы;
8) «электрондық үкімет» шлюзі (ЭҮШ) – «электрондық үкіметтің» ақпараттық жүйелерін электрондық көрсетілетін қызметтерді іске асыру шеңберінде интеграциялауға арналған ақпараттық жүйе;
9) мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік жүйесі (МО БКЖ) – Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, ведомствоаралық ақпараттық-коммуникациялық желіден тұратын, басқарушылық және ұйымдастырушылық мақсаттарды іске асыруға және олардың аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарын қоса алғанда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасауына арналған, сондай-ақ электрондық ақпараттық ресурстардың және «электрондық үкіметтің» ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желісі.
3. Кәсіпкерлік субъектілерінің санатын айқындау Кодекстің 24-бабында көрсетілген өлшемшарттарға және олардың шекті мәндеріне сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Кәсіпкерлік субъектілері туралы деректер тізілімде автоматтандырылған режимде өңделеді және жыл сайын 15 желтоқсанға дейінгі мерзімде жаңартылып отырады.
2. Тізілімді жүргізу
5. Бастапқыда Тізілімді қалыптастыруды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган мыналардың ақпараттық өзара іс-қимыл жасауы арқылы алынған ақпараттың негізінде жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі – МКК) тіркелген кәсіпкерлік субъектілері туралы мынадай мәліметтерді ұсынады:
кәсіпкерлік субъектісінің БСН; кәсіпкерлік субъектісінің ЖСН;
осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес кәсіпкерлік субъектісінің соңғы үш жылғы кірістері туралы деректер;
осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің соңғы бір жылғы саны туралы деректер;
2) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мынадай қызмет түрлері бойынша лицензиялар туралы ақпарат алу үшін рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімімен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді:
есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымына байланысты қызмет;
акцизделетiн өнiмдi өндiру және (немесе) көтерме саудада өткізу; астық қабылдау пункттерiнде астық сақтау жөнiндегi қызмет; лотереялар өткiзу; ойын бизнесі саласындағы қызмет;
мұнай, мұнай өнiмдерiн, газ өндiру, өңдеу және өткізу, электр және жылу энергиясын өткізу жөніндегі қызмет;
радиоактивтi материалдардың айналымына байланысты қызмет;
банк қызметі (не банк операцияларының жекелеген түрлері) және сақтандыру нарығындағы қызмет (сақтандыру агентiнiң қызметiнен басқа);
аудиторлық қызмет;
бағалы қағаздар нарығындағы кәсiби қызмет; кредиттiк бюролардың қызметі; күзет қызметi;
азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызмет;
3) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласындағы уәкілетті орган осы Қағидалардың 11-15 тармақтарында айқындалған тәртіппен барлық тіркелген және таратылған кәсіпкерлік субъектілері туралы, атап айтқанда:
заңды тұлғаның БСН;
заңды тұлғаның атауы;
заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысаны туралы мәліметтерді береді.
6. Тізілімді одан әрі жүргізу үшін МКК жыл сайын 15 қарашаға дейінгі мерзімде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға мынадай ақпаратты ұсынады:
1) алдыңғы күнтізбелік жыл ішіндегі жиынтық жылдық кіріс мөлшері туралы деректер (оның ішінде арнаулы салық режимі бойынша жұмыс істейтін субъектілер бойынша);
2) алдыңғы күнтізбелік жыл ішіндегі жұмыскерлердің саны туралы деректер.
Көрсетілген ақпарат кәсіпкерлік субъектілері салық заңнамасына сәйкес салық органдарына ұсынған салық есептілігінің деректері негізінде қалыптастырылады.
7. Тізілімге өзгерістер енгізу мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес МКК ақпаратында жіберілген қателікке байланысты кәсіпкерлік субъектісінің санатты өзгерту туралы өтінішін қанағаттандыру.
Бұл ретте ақпараттағы қателік МКК-нің кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға салық төлеуші оны жібергенге дейін ұсынған салық есептілігінің деректеріне сәйкес келмейтін ақпаратты ұсынуы болып табылады. Тиісті жылдың 15 қарашасынан кейін қосымша салық декларацияларын ұсынуға байланысты салық төлеуші туралы ақпараттың өзгеруі қателік болып табылмайды;
2) салық төлеушілер келіскен немесе дұрыстығын сот растаған салықтық тексерулер нәтижелері бойынша осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген деректерді өзгерту туралы МКК-нің өтініші.
8. Кәсіпкерлік субъектісінің санаты осы Қағидалардың 4-тармағында белгіленген мерзімде қайта қаралады және осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзгертуге жатпайды.
9. Осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес өзгерістер енгізу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) кәсіпкерлік субъектілері кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган алдында өздерінің санатын заңсыз айқындау туралы мәселеге растаушы құжаттардың көшірмелерін міндетті түрде қоса отырып, жазбаша түрде бастамашылық жасайды;
2) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган екі жұмыс күні ішінде берілген өтініштерді МКК-нің қарауына жібереді;
3) МКК берілген өтініштерді негізділігі тұрғысынан қарайды және он жұмыс күні ішінде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға тиісті жауабын береді;
4) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:
кәсіпкерлік субъектісі өтінішінің негізділігі туралы жауап алған жағдайда, үш жұмыс күні ішінде тізілімге тиісті өзгерістері енгізеді және санатты қайта есептеуді жүргізеді;
кәсіпкерлік субъектілері өтінішінің негізсіздігі туралы жауап алған жағдайда, тізілімге өзгерістер енгізуден бас тартады;
МКК-ден қателікті кәсіпкерлік субъектісінің өзі салық есептілігін салық органдарына ұсынған кезде жібергендігі туралы жауап алған жағдайда, тізілімге осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес өзгерістер енгізеді.
10. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган өтінішті қарау нәтижелері туралы кәсіпкерлік субъектісін жазбаша түрде хабардар етеді.
Кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштерін қараудың жалпы мерзімі өтініштің кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органда тіркелген сәтінен бастап 15 жұмыс күнін құрайды.
11. Ақпараттық өзара іс-қимыл ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісілген, мемлекеттік органның жауапты басшылары бекіткен техникалық талаптар негізінде ЭҮШ арқылы сервераралық республикалық деңгейде жүзеге асырылады.
12. Ақпарат алмасу ҰКО берген ЭЦҚ пайдалану арқылы «сұрақ-жауап» режимінде электрондық хабарламалар арқылы жүзеге асырылады.
13. Электрондық хабарламалар өрістерінің түрлері мен құрамын ақпарат алмасуға қатысушылар техникалық талаптарда бекітеді.
14. Ақпарат алмасуға қатысушылар ақпараттық жүйелер жұмысындағы технологиялық үзілістерді қоспағанда, өзара іс-қимыл сервистеріне тәулік бойы қолжетімділік ұсынады.
15. Ақпарат алмасу кезінде ақпараттың қорғалуы қорғалатын МО БКЖ пайдалану есебінен, сонымен бірге авторлықты растау есебінен (ЭЦҚ қолдану), қол қойылған XML хабарламалар, сондай-ақ техникалық және ұйымдастырушылық сипаттағы іс-шаралар есебінен де қамтамасыз етілуі тиіс.
3. Тізілімді пайдалану
16. Тізілім кез келген мүдделі тұлғалар, оның ішінде мемлекеттік органдар үшін кәсіпкерлік субъектілерінің санаты туралы деректердің негізгі көзі болып табылады.
17. Мүдделі тұлғалар үшін тізілімде әрбір кәсіпкерлік субъектісі туралы мынадай ақпарат қолжетімді болады:
1) заңды тұлғалар туралы:
БСН;
атауы;
ұйымдық-құқықтық нысаны; санаты (ірі, орта, шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік);
осы Қағидалардың 5-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қызмет түрі;
2) дара кәсіпкерлер туралы:
ЖСН;
дара кәсіпкердің тегі, аты және бар болған жағдайда, әкесінің аты және (немесе) атауы;
бірлескен кәсіпкерлік мәртебесінің болуы немесе болмауы;
санаты (ірі, орта, шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік);
осы Қағидалардың 5-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қызмет түрі.
18. Тізілімде кәсіпкерлік субъектілерін іздеу:
1) БСН немесе ЖСН;
2) заңды тұлғаның атауы және ұйымдық-құқықтық нысаны;
3) дара кәсіпкердің тегі, аты және бар болған жағдайда, әкесінің аты және (немесе) атауы бойынша жүзеге асырылады.
19. Кәсіпкерлік субъектісінің санаты туралы ақпарат ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанында мүдделі тұлғаларға, оның ішінде мемлекеттік органдарға жұмыста пайдалану үшін беріледі.